Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толуына орай Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп қабырғасында тағылымды кеш өтті.
Мектеп оқушылары орындарынан тік тұрып қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелерін, тыл еңбеккерлері мен қала қонақтарын, тұрғындарын қошеметпен қарсы алды. Соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. Оның ішінде арнайы кешке балалар өнер мектебінің оқушысы Элина Прудникова ұстазымен, вокал бөлімінің оқытушысы Ю.Ю.Ершовамен бірге келіп, таңдаған әнімен жүректі тебірентті. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қаһармандарды еске алып, бір минут үнсіздік жарияланды.
- Құрметті мерекеге қатысушылар, ардагерлер, оқушылар! Сіздерді келе жатқан мерекелермен құттықтаймын! Ұлы Отан соғысына байланысты оқиғалар тарих қойнауына одан әрі жылжуда. Бірақ Отан үшін ерлікпен шайқасқандардың есімі біздің жүрегімізде сақталады, - дей келе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Токушева оқушыларға Ұлы Жеңіске 9 ай қалғанда қаза тапқан ағасы Утебаев Уалидің батырлығын атап өтті.
Саран қаласының құрметті азаматы, тыл еңбеккері Айман Хайруллина Ұлы Отан соғысының ардагері Қожанов Жанғали Тәттіғалиұлының майданда көрсеткен ерлігіне тоқталып кетті. Сондай-ақ, шараға қатысқан педагогикалық еңбек ардагері Серік Мустафин, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері: Аля Зырянова, Тамара Кучеренко тарихи деректерді келтіре отырып, еліміз тыныш, аспанымыз ашық, жастардың болашағы жарқын болуын тілек етті.
Өз кезінде жас буын өкілдері де бейбіт өмір сыйлаған ата-бабаларға алғысын білдірді. Сахнада көрініс қойып, би билеп, домбырада күй шертіп, өлең жолдарын жатқа айтып берді.
Жастарға дән риза болған Саран қаласының құрметті азаматы Жұмабике Токушева Абай атындағы жалпы білім беретін мектепке және Қожанов Жанғалидің жанұясына «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты кітапты сыйға тартты. «Білім» кәсіподақ ұйымының төрағасы Баян Махмутова да ардагерлерге деген ризашылығын жеткізіп, кештің қадірлі қонақтарына сый-сияпатын ұсынды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА