Бүгін: 02.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

28 сәуір күні №1 мектеп-лицейінде бейбітшілік пен бірліктің, достық пен татулықтың алтын арқауына айналған 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауқымды шара өтті.

Онда бір мақсат, бір мүдде жолында сан түрлі этнос өкілдерінің ырыс-ынтымақта бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқандығы, бір-біріне деген сыйластығы, бірлігі дәріптелді.  Шараға қала әкімінің орынбасары Сағынбек      Бейскеев қатысып, қала әкімі Дарын Бұлқайырдың атынан барша жиналған қауымды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

- Бәріміз бір шаңырақ астындамыз. Бәрімізді біріктіретін бір ой, бір саясат, бірлік. Баршаңызды келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, қаламызға, елімізге тыныштық, амандық, отбасыларыңызға береке, жақсылық тілеймін, - деді қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев.

Білім беру ұйымдары біріге отыра, ұлт өкілдерінің салт-дәстүрін, қолөнері мен бұйымдарын ел назарына паш етті. Ұйғыр, татар, қазақ, орыс, өзбек, түрік және басқа да ұлт өкілдерінің өнері тамашаланды.   Мектеп оқушылары өздерінің ең үздік деген жұмыстарын ортаға қойып, шеберлік сыныптарымен бөлісті. Олардың араларында ағаш бетін күйдіріп өңдеуді, басқаша айтқанда «Пирография»  өнерін меңгергендер де болды.

- «Пирографияны» зерттеп, қарап отырсам, бұл біздің моторикаға, жалпы баланың миын жұмыс істеу қабілетін арттыратын жақсы өнер деп өзім есептеймін. Өзіміз бұйымдарды қарапайым, табиғи материалдардан жасауға тырысамыз. Мына тұрған ағаштардың барлығы кеуіп қалған ағаштар. Оны өңдеп, тазалап, жөндеп реттейміз де, нобайын келтіріп, содан кейін ғана негізгі жұмысқа кірісеміз, - деді №16 жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Берік Абдикенов.

Мерекелік шара «Әртүрліліктегі бірлік – Қазақстанның күші» атты дөңгелек үстелмен жалғасты.  Онда қалалық білім бөлімінің басшысы  Арман Бақтыбаев жиналған қауымды айшықты мерекемен құттықтай отырып, осы жылы іс-шара өзгеше форматта өткізілгенін атап өтті.

Биыл тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына –  30 жыл. Шағын болса да, кең пейілді, қонақжай Саран қаласында  70-тен астам ұлт өкілі тұрады. Дөңгелек үстел барысында мектепте ізгілікті қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру жолдары, ел бірлігі жайлы айтылды. Қалалық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова Қазақстан - көпұлтты мемлекет, әр халықтың өзіндік бай және қайталанбас тілі барын айта отырып: «бала тәрбиелемес бұрын алдымен өзімізді тәрбиелегеніміз жөн. Бала отбасынан не көрсе, соны бойына сіңіреді. Бірлік бар да, тірлік бар», - дей келе бала тәрбиесіне ерекше назар аудартты. Саясаттанушы, Саран қаласы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Серік Мұстафин де тәлім-тәрбиеге, мәдениетті қоғам қалыптастыруға қатысты ой-пікірін білдірді. 

Тек бұл шаралармен ғана шектелмей, қалалық білім бөліміне қарасты мектеп ұжымдары көңілді эстафеталарға да қатысты. Әр командаға номинациялар берілді.

- Бүгін біздің команда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.  Эстафеталарға қатысып, денемізді бір ширатып алдық. Бірлігіміздің арқасында «Лучшее спортивное мастерство» номинациясына ие болдық, - деп өз әсерімен бөлісті №6 жалпы білім беретін мектептің ағылшын пәнінің мұғалімі Лариса Бегина.

Бірлігі бекем елдің болашағы білімді азаматтармен толығары анық. Бұл жолда ұстаздарымыз да аянбай еңбек етуде. Әрі салауатты өмір салтын ұстанатынын да спорттық шараларға қатысып дәлелдеп келеді. 

- Бүгін біздің команда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.  Эстафеталарға қатысып, денемізді бір ширатып алдық. Бірлігіміздің арқасында «Лучшее спортивное мастерство» номинациясына ие болдық, - деп өз әсерімен бөлісті №6 жалпы білім беретін мектептің ағылшын пәнінің мұғалімі Лариса Бегина.

Бірлігі бекем елдің болашағы білімді азаматтармен толығары анық. Бұл жолда ұстаздарымыз да аянбай еңбек етуде. Әрі салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық шараларға белсене қатысып келеді. 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА