Саранда Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің қабырғасында «Ұлан» әскери-спорттық жарыс өтті.
Жастар арасында патриоттық сананы қалыптастыру, белсенді азаматтық ұстанымды ынталандыру, адамгершілік тәрбие беру, ептілік пен жылдамдылықты жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі шараға биыл 10 команда қатысуға бел буған.
Білім беру ұйымдары саптық тұрыстан бастап өздерінің дайындығын көрсетті. Пневматикалық мылтықтан оқ атуда да мергенділік танытып, 10 метр ара қашықтықта нысанаға дәл түсуді көздеген. Газтұтқышты дұрыс киюіне, жалпы спорттық дайындығына аса мән берілген. Сондай-ақ, уақытқа АК-74 автоматын белдікпен жартылай бөлшектеу және жинақтау тәртібі қаралды.
Қалалық білім бөлімі мен жастар ресурстық орталығы бірлесе өткізген іс-шарада жастар белсенді болды. Командалық рухты да көтеріп, қарсылас топтан суырылып алға шығуға барын салған.
Жастарды жігерлендіре түскен әскери-спорттық сайыста №6 жалпы білім беретін мектептің оқушылары бәрінен оза шапты. Жүлделі 2-орынға Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері жайғасты. Ал №17 мектеп-гимназиясы мен №2 жалпы білім беретін мектептің білім алушылары 3-орынды иеленді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА