Бүгін: 03.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қайсын болмасын да қатты алаңдататыны айқын.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе», - деп атап өтті.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам, салауатты өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет. Еліміз елу елдің қатарына ену үшін аяқ басқанда айналамызды ашкөз алаяқтардан аластап, қоғамды тазарту – азаматтық міндетіміз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында: «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі.

Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілеті. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылатыны анық.

 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып отыр.

Осы бағытта басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Басқармада осы жоспарға сәйкес көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. 

Мамандар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың нормаларын сақтау бойынша құқықтық жаппай оқыту шеңберінде тұрақты негізде семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қала ведомстваларымен семинарлар, басқарманың әлеуметтік желілерінде осы бағытта тікелей эфирлер өткізіледі, жарияланымдар жарияланады, жергілікті БАҚ-да мақалалар жарияланады. 

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарау қадағаланып, барлық өтініштер белгіленген мерзімде қаралады. Басқармада мемлекеттік қызметтің 3 түрі көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтер «elicense.kz» веб порталы арқылы электрондық түрде қабылданып, заң шеңберінде қаралып жауап беріледі.

Басқарманың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жөніндегі жұмыс тобы басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізеді.

Әр аппараттық кеңесте Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы талаптарының және Әдеп кодексінің (оның ішінде әртүрлі материалдық құндылықтарды, қызметтерді қабылдауға тыйым салу мәселесі, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс және жұмыстан тыс уақытта мінез-құлық қағидалары және т.б.) талаптарының, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің сыртқы келбеті қағидаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мәселесі талқыланады.

Ғимараттың кіре берісінде, бейнебақылаумен жабдықталмаған және басшылық пен мамандар көрінуді болдырмайтын жерде азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қабылдауға арналған жәшік орнатылған. Бұйрықпен «сенім телефонына» және «шағымдар мен ұсыныстар жәшігіне» келіп түскен жеке және заңды тұлғалардан өтініштерді қабылдауға жауапты қызметкер тағайындалған.

Жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдауды апта сайын дүйсенбі күндері сағат 10-00-ден 12-00-ге дейін және жұма күндері  сағат 10-00-ден 12-00-ге дейін жүргіземін.

Басшысының орынбасарының жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау күні сәрсенбі сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін.

Мамандар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары үнемі бақылауға алынған және осы бағытта жұмыс жалғастырылады.

Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек.

 А. Мусабекова,

«Саран қалалық санитариялық-

эпидемиологиялық бақылау

басқармасы» РММ басшысы