18 сәуір күні қалалық мәдениет үйінде «Жұмысшы мамандықтары жылы» мен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Мұғалім болу – мақтаныш!» педагогикалық сынып бейіндік жобасына негізделген «Қабілетті және талантты жастар - біздің болашағымыз» атты VІ аймақтық слеті өтті.
Мектеп білім алушыларында мақсатты кәсіптік-педагогикалық бағдарын, педагогикалық қызметке тұрақты қызығушылықтарын қалыптастыру, жастардың шығармашылық әлеуетін анықтау, қолдау және дамыту мақсатында ұйымдастырылған слетке Қарағанды, Теміртау Саран, Шахтинск, Балқаш қалаларынан және Абай, Бұқар жырау, Шет, Қарқаралы аудандарынан 100-ден астам қатысушы келген. Ашылу салтанаты барысында Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі ұйымдастырушы тарап ретінде биыл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда қатысушылардың саны екі есеге өскендігін жеткізді.
- Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болғандықтан кәсіптік білім беру мекемелеріне көп назар аударылуда және барлық біздің шарамыз осы бағытта өткізілуде. Облыстық слетке жылдан-жылға қызығушылық артуда. Былтыр слетке 8 оқу орны келсе, биыл 19 оқу орны қатысуда, - деп атап өтті Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Алма Темирбулатова.
Алтыншы жыл қатарынан жалғасын тапқан слеттің мазмұндық құрылымында да өзгерістер орын алған. Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталының әдіскері Тұрсын Баймағанбетованың айтуы бойынша, осы жолы заман талабына сай жастардың қызығушылығына, зияткерлігіне аса мән берілген.
Гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми, спорттық бағытты қамтыған облыстық слет 3 кезеңнен тұрды. «Сәлеметсізбе! Бұл – біз!» көрсетілім алаңында әр мектеп өзінің білім ордасы жайлы мағлұматты ұсынып, дайындаған стендтерін қорғаса, «Қазынаны тап» интеллектуалды ойында жасырылған тапсырмаларды орындаған. Шешуші «Қызығушылықтар алаңында» білімін, қабілеті мен зеректілігін, шапшаңдылығын көрсеткен.
- «Мұғалім болу – мақтаныш!» жобасы аясында ұйымдастырылған аймақтық слет — жас ұрпақтың болашағына жол ашатын маңызды қадам. Қабілетті, талантты жастарды қолдау арқылы біз ертеңгі білімді қоғамның іргетасын қалаймыз. Колледж ұжымына және барлық ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз!, - деп атап өтті Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев.
Сонымен қатар, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде директордың оқу өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Ернар Махаметчиннің айтуынша, биыл слеттің ауқымы да артқан. Практикалық тапсырмаларда сұранысы жоғары, өзекті деген мамандықтарға баса назар аударылған.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады. Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектеп (ресурстық орталық) жанындағы интернаты (Шет ауданы) 1-орынмен, Мағжан Жұмабаев атындағы гимназиясы (Қарағанды қаласы) және № 5 жалпы білім беретін мектебі (Балқаш қаласы) 2-орынмен, Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейі (Балқаш қаласы), Көкпекті жалпы білім беретін мектебі» (Бұқар жырау ауданы) және №82 жалпы білім беретін мектебі (Қарағанды қаласы) 3-орынмен марапатталды, әрі арнайы дипломдарға ие болды. Бағын сынап келген барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА