Бүгін: 03.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

18 сәуір күні Ақтас кентінде барша жамағаттың күшімен бой көтерген «Ерімбет ата» атындағы мешіттің ресми ашылу салтанаты өтті.

Мешіт ауласында ине шаншар жер болмады. Жан-жақтан кент қонақтары мен тұрғындары жиналып, қуанышты күннің куәгері болды. Ресми ашылу салтанатында  «Ерімбет ата» атындағы мешіттің имамы болып тағайындалған Азамат Сайлауұлы құран оқыса, Қарағанды облысының бас имамы  Әбдіғали Естай Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауын жеткізе отырып, ақ батасын берді.

- Қадірлі жамағат, Аллаға шүкір, осы күнге жеттік. Алла тағала құтты, қайырлы етсін. Осы мешітіміздің іші жамағатқа, шәкірттерге толы болсын. Әрине, біз ерекше атап өтетін азаматтар бар. Осы мешіттің басталуынан Жандос бауырымыз күн-түн демей, жар құлағы жастыққа тимей, қолынан келгенше, осы мешіт аяқталғанша үлесін де қосып, күшін де беріп, халықты да жұмылдырып қызмет жасады. Әрі осы Ерімбет ата-бабамыздың да қаншама ұрпақтары келіп қолымен де, күшімен де, қаржылай да қаншама үлес қосты, - дей келе Қарағанды облысының бас имамы Әбдіғали Естай мешіттің бой көтеруіне атсалысқан Көшім руы, Садуақасұлы Зарықбек әулетіне, Сыр бойында, қазіргі Қызылорда облысы,  Қармақшы ауданында дүниеге келген,  Бұқара шаһарындағы әйгілі  «Мір-Араб» медресесінде білім алған, көпшілікке  «Ерімбет молда» деп танылған ғұлама Ермұхаммед  Шабарұлының ұрпақтарына және барша игі іске атсалысқан  жомарт жандарға ризашылығын жеткізді. Алғыс хаттармен марапаттап, иықтарына шапан жапты. Сонымен қатар, Ақтас кентінің тұрғыны, мешіт құрылысының басы-қасында жүрген Жандос Садуақасовқа және әкесіне УМРА-ға сертификат табыстады.

Ашылу салтанатында Саран қаласы қоғамдық кеңестің төрағасы, дінтанушы Серік Тлекбаев та сөз алып, мешітті салуға көмек қолын созған азаматтарға алғысын білдірді. Ақтас кентінің тұрғыны Жандос Садуақасов мешітке көлік сыйлап, дүйім жұрт алдында салтанатты түрде «Ерімбет ата» атындағы мешіттің имамы Азамат Сайлауұлының қолына табыстады.

«Ерімбет ата» атындағы мешіттің құрылысы 2019 жылдан бастау алған. Екі қабаттан тұрады.  Аумағы  10 гектар болса, биіктігі –  20 метрді құрайды.  Бүгінде ғимарат  ең қажет деген жабдықтармен, сумен, жарықпен қамтамасыз етілген. Оның бірінші қабатында мешіт асханасы орналасқан. Әйелдердің намаз оқитын жеріне жылы еден төселген.  Ерлерге арналған ғибадат залы 300 адамға, ал әйелдердің ғибадат залы 50 адамға арналған.

- Мешіт өте тамаша! Кең, жылы. Бүкіл халыққа, Тәуелібай халқына, Ақтас кентінің халқына алғыс айтамын. Осы мешіттің ішінде саналы ұлдарымыз, бауырларымыз өсе берсін. Барлықтарыңызға жақсылық тілеймін, - деп  Теміртау қаласынан келген  Г. Қалмақанқызы өз пікірін білдірді.

Мешіт құрылысының аяқталуына қайырымды жамағаттың үлесі көп. Бірі қаражатпен көмектессе, енді бірі кірпішін қалап,  іші мен сыртын қалпына келтіруге атсалысты.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА