Бүгін: 03.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саран қаласында бірінші рет «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде техникалык және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты облыстық байқау өтті.

«Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Жігер» студенттік Парламентінің ұйымдастыруымен болған облыстық байқауға 8 қатысушы қатысқан. Бойжеткен қыздар «Мен-қазақтың қызымын», «Ғашықтың тілі-тілсіз тіл...», «Ақылы асқан дария...» және «Қыз еркем, өнерімен көркем»  кезеңдері бойынша бақ сынаған. Әрбірі асқан жауапкершілікпен байқауға дайындалып, қазақ қызына тән инабаттылықты, салт-дәстүрге деген құрметін көрсете білді.

- Облыстық шара қаламыздың мәдениет үйінде бірінші рет өткізілгендіктен барлығы жоғары деңгейде болуына аса мән бердік. Келген қонақтарымыздың, қатысушыларымыздың көңілінен шыққанына қуаныштымыз. Барлығы алғысын айтуда. Жүлделі орын алған барлық қатысушыларды құттықтаймыз!, - деді Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Жігер» студенттік Парламентінің үйлестірушісі Әлішер Манаш.

Жанарлары жалындап тұрған жас талантты қыздардың өнерін №2 балалар музыка мектебінің директорының  тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары, эстрадалық вокал маманы Б.Жапарова, №23 жалпы білім беретін мектебінің   қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Д. Хасенова, мамандандырылған  музыкалық мектеп-интернатының дәстүрлі ән саласының зерттеуші ұстаздары: Ү. Есмаганбетова мен А.Акшалова, қалалық балалар өнер мектебінің педагогі, педагогика ғылымдарының магистрі, кәсіби хореограф, өнерпаз-артист А. Санархан  және Қарағанды облысының білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы М. Дуанбекова бағалаған.

 Хас сұлулар арасында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенті Тайтаева Мадина бас жүлдеге ие болды. Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжі атынан қатысқан Амангелді Аида 1-орынмен,  «Шет тілдер колледжі» ЖММ студенті Сәкенова Ұлпан 2-орынмен, Қарағанды жоғары медициналық интерколлеждің студенті Қадырбай Ақнұр 3-орынмен марапатталды. Сондай-ақ, тамақтандыру және сервис колледжінің студенті Марахим Алия «Нағыз көктем аруы», Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Қайратқызы Айзат «Нәзік гүл», инновациялық технологиялар колледжінің студенті Кудаймберлина Ақерке «Мисс харизма», Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінің студенті  Хайдар Диана  «Ақылды ару» номинацияларымен марапатталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА