Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде мемлекеттік тіл – ұлттық бірегейлік пен егемендіктің маңызды нышаны. Сот жүйесі мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде заңды қолданумен қатар, оның негіздеріне, соның ішінде тіл саясатына құрмет көрсетуі тиіс.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Барлық мемлекеттік органдар ресми және іс жүргізу тәжірибесінде оның қолданылуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптар салалық заңдар мен кодекстерде – Азаматтық процестік кодекс, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс, Қылмыстық іс жүргізу кодексі, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң мен соттар мен прокуратура органдарының қызметін реттейтін заңдарда нақты көрініс тапқан. Аталған актілер әрбір тараптың ана тілінде сөйлеу және аудармашы қызметін пайдалану құқығын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік тілді сот ісін жүргізудің негізгі тілі ретінде белгілейді.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, соттардағы тіл саясатын іске асыру тек құқықтық реттеуді ғана емес, сонымен қатар процеске қатысушылар – судьялар, адвокаттар, прокурорлар мен өкілдердің тарапынан да терең құрметті қажет етеді. Сот процестерінде мемлекеттік тілдің қолданылуы азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттырады, құқықтық жауапкершілік пен азаматтық патриотизм мәдениетін қалыптастырады.
Алайда тілдік талаптарды сақтау әділеттілік пен теңдік қағидаттарымен үйлесімді болуы қажет. Ешкім тіліне байланысты әділ сотқа қол жеткізу құқығынан айырылмауы тиіс. Сонымен бірге, бұл мемлекеттік органдардың, оның ішінде соттардың мемлекеттік тілдің толыққанды қызмет етуіне жағдай жасау жауапкершілігін жоққа шығармайды – бұл оқыту, техникалық қамтамасыз ету, кадрлық саясат және тілдік талаптардың орындалуын бақылау арқылы жүзеге асырылуы керек.
Бүгінде ұлттық бірегейлік пен егемендік мәселелері ерекше назарда тұрған кезде, мемлекеттік тілге құрмет көрсету – мемлекетке деген құрметтің көрінісі. Судья үшін бұл тек міндет емес, сонымен қатар кәсіби этика мен азаматтық жауапкершіліктің бір бөлігі болып табылады.
А. Темірғалиева,
Саран қалалық
сотының судьясы