Жыл сайын елімізде 1 мамыр күні - Қазақстан халқының бірлігі күні атап өтіледі. Бұл жарқын да жайдарлы, шуаққа, жылулыққа, достық пен татулыққа толы атаулы күнде біз ұлттар арасындағы бірлікті ерекше байқаймыз.
Саран қаласының тұрғындары үшін де айшықты мерекелердің бірі болып саналады. Себебі, қаламызда бір шаңырақ астында 70-тен астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Көпке үлгі боларлықтай көп ұлтты жанұялар да аз емес. Сондай, әдемі де әсем, бірлігі мығым отбасылардың бірі – Абдраимовтар жанұясы.
Биыл қараша айында Еркен Абдраимов пен Ольга Николаевнаның отау құрғандарына – 30 жыл болмақ. «Біздің жанұяда ең бастысы- шаңырақта бақыт, махаббат, өзара түсіністік пен бір-бірін қолдау болуы керек»,- дейді үйдің отанасы.
- Жолдасым кенші. Көп балалы отбасыдан шыққан. Тау кен училищесін бітіргеннен кейін 35 жылдан бері «Саранская» шахтасында жұмыс істеп келеді. Оның ұлты – қазақ болса, мен – орыспын. Үш баламыз бар. Тұңғышымыз қазір Астанада тұрады, сонда жұмыс істейді. Егіз қыздарымыз Новосибирск қаласына оқуға түсіп, сол жақта магистратураны да бітірген. Қазір олар да есейіп, жұмыс істеп жүр. Ал өзім болсам Саран қаласында дүниеге келгенмін. Осында 50 жыл болды тұрып келемін. Өзіме Саран - ыстық қала. 1993 жылы Саран педагогикалық колледжін бітіріп, содан бері №6 жалпы білім беретін мектепте 32 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп келемін, - деді Ольга Николаевна.
Абдраимовтар жанұясы еліміздің барлық мерекелерін елмен бірге қарсы алып, ешқайсысын бөліп жармайды. Тіпті, осы уақыт аралығында өздерінің берік ұстанатын отбасылық дәстүрлері де қалыптасқан.
- Наурыз мерекесінде Алматыдан туған-туыстарымыз келіп тұрады. Жаңа жылды балаларымызбен бірге қарсы алуды әдетке айналдырдық. Сондай-ақ, тағы бір отбасылық дәстүрлеріміздің бірі – Кеншілер күнінде достарымызбен жиналамыз. Себебі, басында атап өткендей үйдің отағасы – кенші. Оның әкесі Жұмаш Абдраимов – өз өмірін шахтаға арнаған құрметті шахтер. Біздің үйде әлі күнге дейін I, II дәрежелі «Шахтер даңқы» белгілері тағылған оның шахтер кейтелі сақталынып тұр. Ағалары да шахтада біраз жыл жұмыс істеген, - деп сөзін толықтырып кетті аяулы ана, асыл жар.
Шаңырағында шаттық ұялаған, ауызбіршілігі жарасым тапқан Абдраимовтар жанұясы қонақжайлылығымен туған-туысқандарына, жора-жолдастарына, өз ортасында өте сыйлы. Әрдайым жақындарына тілекші болып, әр күндерін жарқын етіп өткізуге тырысады. Бір-біріне деген сыйластығы, құрметі мен қамқорлығы да бөлек. Жанұя мүшелері барлық қала тұрғындарын келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтай отырып, әр шаңыраққа амандық, бақыт пен бейбітшілік тілейді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА