Бүгін: 03.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

12 сәуір күні  Саран қаласында «Көңіл – ашар» қазақ халық аспаптары фольклорлық ансамблінің жетекшісі, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің және қалалық балалар өнер мектебінің оқытушысы Қабиден Хамитұлы Абжатовтың 60 жылдық мерейтойына орай «Өнерім – Өмірім» атты шығармашылық кеші өтті.

Кеш қонақтарын той иесінің шәкірттері қолдарына домбыра ұстап, күймен қарсы алды. Қалалық мәдениет үйінің киелі сахнасында қалалық білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев ұлттық аспапта шебер ойнайтын домбырашыны, ұлағатты ұстазды мерейлі жасымен құттықтап, қала әкімі Дарын Бұлқайырдың атынан Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, білім беру саласына қосқан зор үлесін атап өтіп, білім бөлімінің атынан иығына шапан жапты.

-  Сізден білім алған түлектеріңіз бүгінгі күні облысымыздың абыройын асқақтатып, ұлттық өнеріміздің дамытуына зор үлес қосуда. Өнер жолына арналған ұстаздық жолыңызда қанатыңыз талмай, қажыр-қайратыңыз әрқашанда арта берсін, - деді  Арман Болатұлы.

Келесі болып сахнаға шыққан қалалық мәслихаттың депутаты Жанбол Жаяубаев қалалық мәслихаттың төрағасы Өміржан Баймағанбетов пен барлық депутаттар атынан асқаралы 60 жасымен құттықтап, шығармашылық табыс пен мықты денсаулық тіледі. Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық  колледждің директоры  Алма  Темірболатова да білікті оқытушыға тілек тілей келе, Қабиден Абжатов алдағы күндері мемлекеттік награда - «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталатынын айтып,  мерейлі сәтті одан сайын асқақтата түсті.

Сонымен қатар, балалар өнер мектебінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Виктория Аханова мерейтой иесін «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісімен марапаттады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші,  бұл кеште Қабиден Абжатовтың сыйлы қонақтары,  жылдар бойы жанынан табылған жақын жандары, алыс-жақыннан келген  туған-туыстары мен достары, қызметтес және рухтас әріптестері, дарынды шәкірттері жылы лебіздерін арнады. Ән шашудан бастап, би де биленді, құлақтың құрышын қандыратын күмбірлеген домбырадан күй де төгілді. 

Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абдуғалисын Шоқанбаев арнайы кешке келіп, ұлттық өнердің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Қабиден Хамитұлына алғысын білдіре отырып, сый-сияпатын ұсынды.

Қабиден Абжатов - Қостанай облысы, Ленин ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Шығармашылық кештің атауы «Өнерім – Өмірім» деп қойылуы да бекерден-бекер емес. Себебі ол жастайынан көркемөнерпаздар үйірмесінде жүріп, ұлттық аспапқа деген құлшынысының нәтижесінде домбыра аспабында ойнау шеберлігін арттырған. 1982 жылы Қарағанды музыкалық училищесіне түседі. 1983 жылы әскерге кетіп, Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін қайта оқуын жалғастырады. Әрі Қарағанды қаласының домбыра сыныбы бойынша облыстық музыка мектебінде қосымша жұмыс істеген. 1987 жылы Қарағанды қаласында (қазіргі Тәттімбет атындағы) қазақ халық аспаптар оркестрі құрылды, онда Қабиден Хамитұлы бірінші құрамда өнер көрсетті.  1988 жылы еңбек қызметі қалалық балалар өнер мектебінде жалғасты. 1994 жылы негізгі жұмысы Саран педагогикалық училищесіне музыка пәнінің оқытушысы болып ауыстырылды. Осы жылдар ішінде ол домбыра сыныбы бойынша музыка мектебіндегі педагогикалық қызметті қоса атқарды. 1991 жылы қалалық мәдениет үйі жанындағы «Көңіл – ашар» қазақ халық аспаптарының фольклорлық ансамблін құрды. 2002 жылдан 2005 жылға дейін Қабиден Хамитұлы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғары білім алып,  «Аспаптық орындау» мамандығы бойынша бітіріп шықты.  Жылы естеліктерге толы өмірлік жолдары, қолжеткізген жетістіктері осының барлығы сахнада бейнеленді. 

Шарада Қабиден Хамитұлы мен асыл жары Гүлмира Сардарқызының бірге орындаған әні көптің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, ұстаздың шәкірттері әп-сәтте барша отырған көрермендерді күмбірлеген қара домбыраның үнімен баурап алды.  Асқар таудай әкелеріне балалары да сахнаға шығып, ізгі тілегін жаудырды.  Өнер жолын таңдаған Ажар Абжатова, бүгінде Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің, Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің әртісі. Әкесіне арнап виолончельде «Әке туралы жыр»  шығармашылығын концертмейстер Наталья  Анцуповамен бірге ойнап берді. Маңызды сәтте қолдап келген туған-туысқандары гүл шоқтарын ұсынып, қуаныштарын жасыра алмады. Арнайы  Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданынан келген Қабидолла Абжатов пен Елена Абжатова  ән шашу дайындаған.  Ресейдің Тула қаласынан шәкірті Анна Шевченко және қазақ эстрадасының жаңа есімі, әнші Гульнара Кошенова өздері келе алмаса да, бейнебаянның көмегімен өздерінің ақ тілегін жолдаған.

Бәрінен балалар өнер мектебінің қабырғасында білім алып жүрген, домбыраны қолына ұстап Қазақстанның ішінде, шет елдерде, көптеген байқауларда топ жарып жүрген «Шабыт» домбырашылар ансамблінің мүшелері сахнаға туған күн тортын алып шығып, ұстаздарын таңқалдырып, тосын-сый жасады.

Қабиден Хамитұлының үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуі, парасаттылығы мен мәдениеттілігі бір төбе.  Қарапайым болмысын сақтай отырып көпке сыйлы. Өнердің жілігін шағып-майын ішкен абзал азаматқа зор денсаулық, шығармашылық табыс пен береке-бірлік тілейміз. Абыройыңыз асқақтай берсін!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА