Бүгін: 03.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Өткен аптаның берекелі бейсенбісінде «Ардағым-ардагерім» акциясы аясында жастар ресурстық орталығының еріктілері 106 кентте тұратын тыл еңбеккері Зайнуллина Нурхада Газизовнаның ауласында көктемгі тазарту жұмыстарын өткізді.

Зайнуллина Нурхада Газизовна  1930 жылы көп балалы отбасында дүниеге келген. Соғыс уақытында өз қатарластары секілді тылда еңбектеніп, ұжымдық шаруашылық жұмыстарына көмектесті. Алқапта да, тазалық жұмыстарына да, пошташы болып та еңбек етті. 

- Менің анам биыл 10 тамызда 95 жасқа келеді. Ол өте қарапайым адам. Соғыс уақытында, 11 жасынан бастап жұмыс істеген.  Соғыста 17 туысы қаза тапты. Әлі күнге дейін сол сұрапыл жылдарды,  Жеңіс күнін, ағайын-туыстарын жиі еске алып тұрады, - деп атап өтті тыл еңбеккерінің ұлы Нургали Зайнуллин.

1953 жылы Нурхада Зайнуллина Қарағандыға келеді. №105 шахтада жұмыс істеген. Кейін тұрмысқа шықты. Бүгінде аяулы ананың 3 баласы, 3 немересі және 4 шөбересі бар.

- Анамның қазір құлағы нашар естиді. Ал, былай есеп-қисап жағына өте жақсы. Немере-шөберелерін қатты жақсы көреді. Әрдайым қал-жағдайын сұрап, іздеп тұрады, - деп сөзін  толықтырып кетті Нургали Зайнуллин.

Игі шара барысында жастар ресурстық орталығының басшысы Евгений Хисметов тыл еңбеккерімен амандасып, зор денсаулық тілеп, гүл шоқтарын сыйға тартты.

- «Ардағым-ардагерім» акциясы аясында жас буын өкілдері аға буынға көмек қолын созады. Ал бүгін біз тыл еңбеккерінің ауласын тазартуға келдік. Қазір сенбілік жасасақ, келесі келгенде жер кепкен соң жерді  қазып, қопсытып беруді жоспарлап отырмыз, - деді қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының м.а. және қалалық мәслихаттың депутаты Евгений Хисметов.

«Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» демекші, қолдарына айыр мен тырнауышты алып ауланы ретке келтірген еріктілерге, көмек қолын созуға ниет еткен жандарға тыл еңбеккері шын көңілден ақ батасын берді. «Жақсы сөз -жарым ырыс» деп бекерден-бекер айтылмаса керек. Жақсылық жасаудан жалықпайтын еріктілерді ел алғысы одан сайын шындай түсетіні анық. Игі істеріне береке тілейміз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА