Бүгін: 03.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда «Қарағанды облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекесінің, «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының, Саран қаласы білім бөлімі мен балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Биші қайың» ІІ облыстық хореографиялық фестиваль-байқауы өтті.

26 наурызда қалалық «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының іші өнерлі жастарға толды. Фестиваль-байқауға жан-жақтан 30-дан астам би ансамблі келді. Олардың арасында жеке орындаушылар да болды.

Бекітілген ережеге сәйкес қатысушылар 10-12 және 13-15 жас ерекшеліктері бойынша өнер көрсеткен.

-              Бұл байқаудың мақсаты - білім алушылардың хореографиялық шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық мәдени құндылықтарға насихаттау. Фестиваль - байқауға облыстық қосымша білім беру ұйымдарының би ұжымдары мен жеке орындаушылар қатысты,- дейді ұйымдастырушылар.

Би арқылы адамгершілік құндылықтарды, ержүректілікті, салт-дәстүрді насихаттауға, дәріптеуге болады. Жас та болса да өнері таудай балалардың шығармашылығы, әдемі иірімге толы әсем қимылдары, би өнеріне деген құрметі олардың сахнада билеген билерінен ерекше сезілді. Бұл байқау болса да, әрбірі бір-бірін қолдап, қошеметін аямады. Қолдап келген ата-аналар мен туған-туыстардың, ұстаздардың бойын мақтаныш сезімі кернеді. Себебі әр баланың хореографиясы өзгеше ерек. Би қиымылдарымен өз эмоциясын, сезімдерін көрермендердің жүрегіне жеткізе білді. Көздің жауын алатын сахналық киімдері де өздеріне құйып қойғандай етіп тігілген.

Фестиваль-байқауда әділ қазылардың берген ұпай көрсеткіші бойынша 10-12 жас санаты бойынша Теміртау қаласынан келген «Jaina» хореографиялық ансамблі мен Балқаш қаласынан «Ақ Маржан» хореографиялық би ансамблі 1-орын алды. «Қыран» хореографиялық ансамблі (Саран қаласы), «Шаттық» хореография ансамблі (Қарқаралы қаласы) және «Ақ Маржан» би ансамблі (Балқаш қаласы) 2-орынға ие болса, «Кәусар» хореографиялық ансамблі (Шет ауданы), «Каприз» хореографиялық ансамблі (Саран қаласы) және Қарқаралы қаласынан келген Мейрам Інжу 3-орынмен марапатталды.

Келесі 13-15 жас санатында Саран қаласынан өнер көрсеткен Шаймұрат Нұрайлым, «Ақ Маржан» хореографиялық ансамблі (Балқаш қаласы) және «Тұмар» би ұжымы (Ғ.Мұстафин ауылы) 1-орынға ие болды. Жерлесіміз Данышпан Жаннұр (жеке орындаушы), «Ақ Маржан» хореографиялық ансамблі (Балқаш қаласы) 2-орынмен марапатталды. Қарқаралыдан келген Саят Шырайлым (жеке орындаушы) және «Еркетай» би ансамблі (Осакаровка ауданы) 3-орынға жайғасты.

Өнерлі жастарды жеңісімен құттықтаймыз!

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА