Бүгін: 03.05.2025
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Су –табиғат байлығы. Тіршіліктің қайнар көзі екенін білеміз. Ал ауыз су мәселесі қай уақытта да өз өзектілігін жоғалтпаған. Тарихы тереңде жатқан Саран қаласында да бұл тақырып –  ел аузында.

Су мәселесі Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайырдың - бас назарында.  Бүгінде ең өзекті деген жылу жүйесі, электр, кәріз желілеріне де аса көңіл бөлініп келеді. Оны қала әкімі өзі де таяуда халықпен кездесуде айтып, тақырыпты ширата отырып түсіндірген болатын. Әрі кезең-кезеңмен атқарылатын жұмыс ауқымымен таныстырды. Бұл мезетте қалалық құрылыс бөліміне қатысты бірнеше сұрақтың басы қозғалды. Жалпы құрылыс бөлімінде қандай жұмыстар жүргізілуде және алдағы жоспарлары жайлы тілшіміз егжей-тегжейлі сұрастырып, құрылыс бөлімінің басшысы Мақсат Тоқтасыновтан сұхбат алған. Оны 28 ақпан күні шыққан «Саран газетінің» №18 санынан оқи аласыздар. Ал соңғы күндері ауыз су мәселесіне деген сауалдар жиілеп кетті. Жалпы, бәрімізге мәлім, Саранда судың мәселесі кеше ғана туындаған жайсыздық емес. Шешімді талап ететін түйткілді мәселелердің бірі. Оны шешу үшін де бүгінде қаламызда бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы  Мақсат Тоқтасыновтың айтуы бойынша, қаламызда 2023 жылдың желтоқсақ айынан бастап «Саран қаласында үшінші кезек шеңберінде су құбыры желілерін қайта құру» жобасы жүзуге асырылуда. Бұл жоба аясында жалпы ұзындығы 91,8 шақырымды құрайтын су құбыры желілерін ауыстыру қарастырылған. Оның ішінде кентішілік су құбырларының ұзындығы 80 шақырымды, ал магистральдық су құбыры желілерінің ұзындығы 11,8 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, Угольный мен Строительный кенттері, 5-квартал, Самозастройка, Восьмидомики ауданы, Доковская көшесі және қаланың бірнеше нысаны қамтылмақ.

- Бізде негізі «Болат-Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер ұйыммен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу бойынша келісім-шарт жасалған. Бүгінде көлденең-көлбеу бағытта бұрғылау әдісімен көшелердің асфальт-бетон жамылғысын сақтау бойынша барынша жұмыс жүргізілуде. Су құбыры желілерін реконструкциялаудың үшінші кезегі шеңберінде 28 шақырым су құбыры желілері төселді, ұзындығы 20 шақырым кесу орындалды. Жұмыстар Угольный кентінде, сондай-ақ ішінара Дубовка, 106 кенттерінде, 5-ші орамда, Самозастройка ауданында және Доковская көшесінің бойында аяқталды, - деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы  Мақсат Тоқтасынов.

Биыл  екі жылдық жоба аясында барлық үйлерді сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. 

- Жұмыс тоқтап қалған жоқ. Бүгінгі күні 5 квартал, Дубовка (жоғарғы және төменгі) жағында, 106-шы кент бойынша, Доковская көшесі және «Горняк» шағын ауданында су құбырын тарту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 6 бригада жұмылдырылған,- деп сөзін толықтырып кетті  Мақсат Тоқтасынов.

Сондай-ақ, «Саран қаласындағы екінші су көтергішті жаңғырту» жобасы аясында Дубовка кенті мен Саран қаласындағы сорғы станцияларының су құбырларын ауыстыру қарастырылған. Әрі солтүстік индустриялық аймақты сумен қамтамасыз ету және станцияның өнімділігін 780,2 м3/сағатқа жеткізу үшін үш сорғы қондырғысын орнату көзделуде. 2024 жылы жылу пунктін орнату, есептегіштерді монтаждау және сорғы станциясына дейін кабельдерді төсеу жұмыстары аяқталды. Сорғы станциясының ғимаратында құбырлар мен ысырмаларды ауыстыру үшін материалдарды дайындау жұмыстары басталынып кеткен. Құбырлар, бұрмалар, бекіту арматурасы сынды керек заттар сатып алынды. Бұл жоба биыл да өз жалғасын таппақ. Жұмыстарды қайта бастау 2025 жылдың 2-ші тоқсанына жоспарланып отыр.

Түптеп келгенде, қаланы сумен қамту мәселесін көп ұзатпай реттеу ұдайы назарда болмақ. Өйткені қала әкімі Дарын Бұлқайыр қаланың инфрақұрылымын жақсартуға, жалпы абаттандыруға, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға аса көңіл бөлуде. Тұрғындардан келіп-түскен сауалдарға өзі жеке жауап беріп, әрдайым халықпен бірге.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА