Қыс бойы қар астында қалған қоқыс-қалдықтар көктем келіп, күн жылына қаланың көркін кетіруде. Осыған орай, қаламызда абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру бойынша көктемгі екі айлық жарияланды.
Қала тазалығы – мәдениеттің өлшемі. Аула мен көшелердің таза болып, жол жиектердің жасыл желекпен көмкерілуі, абаттандырылуы көзді қуантып қана қоймайды, тұрғындар үшін де өте маңызды.
29 наурыз күні Саранда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көктем мезгіліндегі алғашқы жалпықалалық сенбілік өтті. Оған қала тұрғындары бір адамдай атсалысты. Қала әкімі Дарын Бұлқайыр аулаларды өзі аралап, тұрғындармен бірге сенбілікке қатысты. Әрі халық тарапынан туындаған сауалдарға жауап беріп, мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.
Жалпықалалық сенбілікте өз ауласын қыстан қалған қоқыстардан тазартуға бала-шағасымен бірге шыққан отбасылар да болды. Жас буын ересектерге қарап бой түзеп, үйдің ауласын жинастыруға көмектесті.
- Бүгін ауламыздың таза болуы үшін балам екеуміз сенбілікке шықтық. Жасы – жетіде. Қазірден бастап еңбекке үйрете беруіміз керек. Себебі, бұл аулада балаларымыз жүреді, ойнайды. Оның таза болып тұрғаны өзімізге де жақсы емес пе? Біздің көшеге қала әкімі келгенін көріп те қуанып қалдық. Тұрғындармен сөйлесті, мәселелерімізді тыңдады, - деді қала тұрғыны Светлана Наумова.
«Жақсы көрші тапқаның-көп олжаға батқаның» демекші, Абай көшесінде тұратын азаматтардың белсенділігіне тәнті болдық. Бірлігін көрсетіп, санаулы уақыт ішінде ауласын түрлендіріп жіберді.
- Барлығы шығып сенбілік жақсы өтіп жатыр. Тазалық керек қаламызға. Өте ризамыз, жақсы көңіл-күймен өтуде, - деді қала тұрғыны Үмітгүл Рустембекова
Тазалық жұмыстары көңілді көтеретін әуенмен, музыкамен одан сайын қыза түсті. Қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлау мақсатында мәдениет үйінен жақын аулаларға аппаратураларын арқалап келген. Әрі тұрғындарды жалпықалалық сенбілікке шақырып, өздері де қолдарына қап алып, халықпен бірге болды.
- Көңіліміз жақсы. Көріп тұрғаныңыздай, бізге музыка қосып берді. Адамдар да бірте-бірте шығуда. Жастар да келіп көмектесіп жүр. Бәрі де жақсы, - деді қала тұрғыны Наталья Щербак.
Иә, сенбілікте жігерлі қалалық жастар ресурстық орталығының жастары жарады. Өкінішке орай, көпқабатты үйлердің алдынан бөлек артқы жағы да қоқысқа үйіліп жатады. Еріктілер қар еріп жер бетіне шыққан қоқыстарды қаптарға салып, қазыналы қарияларға көмек қолын созды. Игі істің басы-қасында жүрген жастарымыз ел алғысын алуда.
- Бүгінгі сенбілікке шамамен 30 ерікті шықты. Тұрғындармен бірге үйдің ауласын тазатуға атсалысып жүрміз. Сенбіліктен бөлек, бізде «Ардагерім-ардағым», «Тазалайық» деген акцияларымыз бар. Қысы-жазы сол акцияларға айына 2-3 рет шығып тұрамыз. Сондай-ақ, ай сайын «Ай еріктісі» деген байқау болады. Онда еріктілер өз жұмыстарын көрсетеді. Біз оларды әлеуметтік желіге жариялаймыз. Яғни, халық өзі дауыс беру арқылы таңдайды, - деді қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Динара Елешова.
Қаланың саябақтары да қоқыстан тазарып қалды. Алайда осы тазалықтың ұзақ сақталуы тікелей өзімізге байланысты екенін ұмытпайық.
- Сенбіліктерде бекітілген аумаққа жауапты адамдармен қоқыстарды жинау, бұталы өскіндерді жою және нөсер торларын тазарту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Сенбілік кезінде қала аумағынан қоқыс шығару үшін 16 бірлік көлемінде арнайы техника жұмылдырылады. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін қатты тұрмыстық қалдықтар коммуналдық полигоны қоқысты тегін қабылдау үшін ашық болады, - деді «Саран каласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекеме басшысының м.а. Айдын Мұқтар.
Сонымен қатар, 31 наурыз күні кала әкімі Дарын Бұлқайыр өзінің инстаграмдағы жеке парақшасына тікелей эфирге шығып, бірқатар мәселелерге тоқтала кетіп, тұрғындар тарапынан келіп-түскен сұрақтарға жауап берді. Әрі жалпықалалық сенбілікте белсенді болған тұрғындарға алғысын білдірді. Өз сөзінде: «Шынымен арамызда жанашыр халық бар деп айтуға болады. Дегенмен, алдағы сенбіліктерге баршаңызды шақырамын. Біздің сүйікті қаламызды таза ұстау – біздің қолымызда ғана», - деді қала әкімі Дарын Бұлқайыр.
Тазалық жұмыстары жалғасатын болады. Бізге берген мәліметтерге сүйенсек, қаламызда 3 сәуір күні «Таза бейсенбі» және 5 сәуірде сенбілік өткізу жоспарлануда.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА